«Ғұмыры ғибратты ғалым» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция

Кітапханада 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні аясында ғалым, тарихшы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ғұмыры ғибратты ғалым» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Шараға ZOOM қосымшасы арқылы Алматы қаласынан ҚР Орталық мемлекеттік архивінің Әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, манаштанушы, ғалымның шәкірті З.М. Төленова, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ж.Ә. Жұмабеков, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі Т.З. Мұханбетқали, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласы мен мемлекеттік қызметтің үздігі, тарихшы-өлкетанушы Е.М. Қыдырғали, Қ. Жұбанов атындағы университеттің «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Н.Е. Есетов, Ш. Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Н.Т. Кулшаров, сондай-ақ ALT гуманитарлық-техникалық, Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледждерінің оқытушылары мен студенттері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері және кітапхана оқырмандары қатысты.
Шара барысында кітапхана оқырмандарына кітапхана қоры негізінде Манаш Қозыбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Тарих төріндегі тағылымды тұлға» атты кітап көрмесі ұсынылып, оның ғұмыр жолына арналған бейнебаян көрсетілді.
Сонымен қатар Петропавл қаласындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарихи музейі ұсынған ғалымның рухани мұрасына қатысты материалдар мен экспонаттар негізінде дайындалған қысқаша бейнежазба көрермендерге ұсынылды. «Қазақ радиосы» эфирінде берілген М. Қозыбаевтың жанды дауыстағы сұхбаты да тыңдалды.
«Үркер» шығармашылық ортасының мүшесі Е. Шығанақ Б.Ілиястың«Асылдың сынығы» атты арнау өлеңін оқып берді.

12356