Жаңалықтар

16 наурыз күні Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» атты облыстық фотобайқаудың жеңімпаздары марапатталды. Байқауға 16 оқырман қатысып, І орынды Алтынбай А., ІІ орынды Орынбасарова А., ІІІ орынды Лакибаев Қ. иеленіп, арнайы дипломдар және сыйлықтар табысталды.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 15 наурыз - Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күніне орай «Өз құқығың - қорғаның» атты Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай кітапханада «Әлем – әйелдермен әдемі» атты кездесу кеші өтті. Еліміздің өркендеп өсуіне өзіндік қолтаңбасы бар, білектің күшімен емес, ақылды ісімен көпшіліктің көзайымына айналып түрлі салаларда қажырлы еңбек етіп жүрген, кәсіпкер, тігінші А.Сұлтангереева, Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдары Қауымдастығының президенті А.Дүйсенова, «Ақтөбе» телеарнасының шеф редакторы Б.Биманова қонақта болды. 

3 наурыз күні оқу залы бөлімшесінің кітапханашылары «Кемел Білім» мектеп-интернатымен бірлесіп, Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына орай «Алаш ұлы» атты тарих сағатын өткізді.

25 ақпан күні С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өнер бойынша әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен кітапхананың «Қылқалам әлемі» көрме залында ҚР суретшілер одағының мүшесі Ильсуяр Казакованың қатысуымен «Қылқалам құдіреті» атты кездесу кеші өткізілді. Шараға өнер мамандары мен мәдениет қызметкерлері, жоғарғы және арнаулы оқу орындарының студенттері мен 6655 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

25 ақпан күні адуынды ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жасымнан атым аян Жамбыл едім» атты әдеби жыр кеші ұйымдастырылды.
Шара барысында Ж.Жабаев әдеби-мемориалды музейінің қызметкерлері арнайы дайындалған бейнематериалын жолдап, музейдегі ақын өмірінен сыр шертетін жәдігерліктермен таныстырды.

25 ақпан күні Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі WEB RABIS бағдарламасының «Қазақстан корпоративтік каталогтау орталығы» (ҚККО) интернет-қосымшасымен жұмыс жасау бойынша шеберлік сағатын өткізді. Шараға облыстық және қалалық кітапхана қызметкерлері қатысып, аталған тақырып бойынша өздеріне қажетті мәліметтер алды.

24 ақпанда кітапхананың оқу залы бөлімшесі Ақтөбе көлік,коммуникация және жаңа технология колледжімен бірлесіп, «Ұлттық құндылықтар-ұлт қорғаны» атты тарихи-танымдық шарасын өткізді. Аталмыш шарада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты тұрақты кітап көрмесіне кітапханашы А.Т.Лакибаева библиографиялық шолу жасаса, абонемент бөлімінің кітапханашысы А.С.Мукашева «30 кітап-Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» арналған кітап көрмесімен таныстырды.

Ақпан айының басында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының және республика бойынша барлық облыстық кітапханалардың қатысуымен «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының ашылу салтанатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А.Шпекбаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова жоба аясында кітапханалар мен орталықтың бірлескен жұмысы туралы Меморандумға қол қойған болатын. Осы жұмыстың нәтижесінде 19 ақпан күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ZOOM платформасы арқылы «Адалдық алаңы» жобасы аясында облыс (қала, аудан, ауыл) кітапханаларында «Парасат жолы» орталықтарының ашылуы өткізілді.

18 ақпан күні өлкетану әдебиеттер бөлімінде «Тарихы терең Ақтөбе!» жобасы аясында ҚР Мәдениет қайраткері, журналист, өнер зерттеушісі, ақын-драматург Нұрлыбек Қалауовтың шығармашылығына арналған «Ардагер азамат, ардақты ақын» атты жыр кеші ZOOM платформасында өтті.