Жаңалықтар

15 қараша күні  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасымен бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші  Момын Нұрпейісұлы  Байғаниннің  туғанына 85 жыл толуына орай «Өмірі күймен өрілген» атты өмір мен шығармашылығын насихаттауға арналған еске алу кеші өтті.

Республика күні қарсаңында 21 қазанда кітапхана ісін дамыту, кәсіби ынтымақтастық құрылымдарда қоғаммен байланыс жасау, сонымен қатар оқуды насихаттау және бос уақытты мазмұнды өткізуде жаңашылдыққа іздену мақсатында «Ымырттағы кітапхана - күзгі кездесу 2022» әлеуметтік-мәдени шарасы ұйымдастырылды.
«Абонемент» бөлімі еркін форматта поэзияны сүйетін студенттермен «Поэзия Party» өткізді. Кеш қонақтары жазушы Б. Тәжібаев атындағы номинация иегері – Алихан Жақсылық, жас ақын, Қ. Мұхамбетқалиұлы атындағы номинация иегері – Нұрдаулет Кабасов студенттермен сұхбаттасып, өздерінің жүрек жарды тілектерін айтты. Ақтөбе гуманитарлық колледжі мен АГУ Тарлан колледжінің студенттері қатысты. Поэзия кешіне қатысушылар еркін тақырыптағы өлеңдер оқыды: махаббат, күз, табиғат т. б.

2022 жылдың қазан айының 13 күні белгілі ғалым, өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Беркін Құрманбековтің (1952 – 2012) «Ғалым - өлкетанушы» атты 70 жылдығына арналған  еске алу кеші өтті. Өлкетанушы Беркін Құрманбеков туралы қадірменді қонақтар естеліктерімен бөлісті. Әріптесі Мұханбетқалиев Есбол Беркін Құрманбековтің ізденімпаз ғалым екендігін атап өтсе, досы Ахметов Көшкімбай ғалымның тез шешім шығаратын қабілеті туралы баяндады, ал Қ.Жұбанов ат. АӨУ доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Давлетьярова Балжан Хамидуловна ғалым жөнінде жылы естеліктерімен бөлісті. Облыстық халық шығармашылығының қызметкері Сана Жәнібек туған өлке туралы әндерін шырқап, көрермен қауымға патриоттық сезім ұялатты.

12 қазан күні қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сәбит Баймолдиннің 80 жылдық мерейтойына орай «ЖЫР - ҒҰМЫР» атты жыр кеші ұйымдастырылды. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызына кештің алғы сөзі берілді. Сонымен қатар Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушыларымыздың шығармаларын насихаттауда елеулі еңбек сіңірген азаматтардың бірі һәм бірегейі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің директоры Отыншин Раукен Сағызбайұлы мен Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Тілеуқабақұлы және ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ахатұлы Ашықбаев шараға қатысып, естеліктерімен бөлісіп, өзіндік пікірлерін білдірді.

8 қазан күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зияш Телеуованың «ТІРІ ӨЛІК» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шара барысында ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Жақып Бауыржан Өміржанұлы мен ақын, Өтежан Нұрғалиев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Алмас Ахметбекұлы келіп жылы лебіздерін білдірді. Бауыржан Өміржанұлы «Кітапхана біздің құттыханамыз», - деп сөз бастап, детектив жанрының қазақ әдебиетінде дамымай қалған жанр екендігін айтты және осы жанрды жазғандардың ішіндегі бірегейі деп Зияш Телеуованы атады.

28 қыркүйек күні  кітапханаларды дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітап оқытуды ілгерілету тәсілдерінің  бірі – кітапхана жұмысының заманауи түрлері», - «Современные формы библиотечной работы как способ активации продвижения чтения» атты халықаралық онлайн конференция zoom платформасында өткізілді. Конференцияға  А.Осмонов  атындағы Қырғызстан  Республикасының  Ұлттық  кітапханасы, Т.Сатылғанов атындағы Ош облыстық, Ресей Федерациясының В.И.Ленин атындағы Ульяновск облыстық, Н.К.Крупская атындағы Орынбор  облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасы  және ҚР Ұлттық кітапханасы, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды, Л.Н.Толстой атындағы Қостанай, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханаларының  қызметкерлері қатысты.

23 қыркүйек күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының авторлық жобасы өтті. Фестивальдің ашылу салтанатына ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Нұрлыбек Қалауов, жазушы, қоғам қайраткері Мәди Раимов, журналист, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақыт Жаншаева қатысып, бүгінгі игі бастамаға сәттілік тіледі. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері Дулат пен Рита Айтжановтар әсем әнмен әрледі.

20 қыркүйек күні «Қаламгер» әдеби қонақжайында  Ақтөбе облысының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырған «Туған жер өрнектері» атты облыстық шығармашылық байқауының қорытындысы өтті. Облыстық әдеби шығармашылық іс-шараға С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Т.Тілеулесов, №69 ЖБОМ-нің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің  мұғалімі, педагог-зерттеуші Г.Алашбаева, кітапхананың жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімшесінің баспасөз хатшысы М.Сандыбай қазылық етіп, байқау жеңімпаздарын құттықтап, марапаттарын табыстады.

20 қыркүйек Көрмелік-бұқаралық жұмыс (коворкинг) секторы ұйымдастыруымен «Отаным - Отбасым» атты отбасылық кездесу-сұхбаты өтті.  Шарамызға алтын алқа иегері, медиатор, психолог, тәрбиеші Әбілдаева Бибігүл Әбдішүкірқызы отбасымен қатысты. Сұхбат барысында Бибігүл Әбдішүкірқызы, оқырмандарға отбасының маңыздылығын түсіндіріп, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке, отбасы мен ата-ананы бағалауды, сонымен қатар, өз отбасын үлгі ретінде көрсетіп, рухани азық жинап, жас буынға ой салды.