Жаңалықтар

16 наурыз күні С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Наурыз-думан» атты мерекелік шарасы өткізілді. Шара барысында ұлтымыздың тамыры болып саналатын ұлттық құндылықтарымыз бен мәңгі өшпес салт-дәстүрлеріміз насихатталды. Кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатқан «Бие қысырамас», «Құрсақшашу», «Ашамайға мінгізу», «Абысын асы» салт-дәстүрлері көрсетіліп, әсем әндер шырқалып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Мың бір мақал» сайысы, викториналық ойындар ойнатылды.

4 наурыз күні кітапхананың өлкетану әдебиеттер бөлімі Ақтөбе облысы құрылғанына 90 жыл толуына (1932 ж.) арналған «Тарих толқынындағы Ақтөбе өңірі»  атты танымдық конференциясын өткізді. Танымдық конференцияның алғы сөзі Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Мейірханқызына берілді. Г.Маханова: «Ұлт рухын өсіріп, халық аманатын ақтаған тұлғалардың өнегесін кейінге мұра етіп қалдырып, көнеден қалған өлкеміздің тарихын, экономикасын, әдебиеті мен мәдениетін, жалпы 90 жылдық тарихы бар Ақтебе өңірінің кешегі мен бүгінгі көрінісін өскелең ұрпақтың қазынасына айналдыру мақсатында кітапхананның өткізіп жатқан бүгінгі конференциясы игі істердің бірі» - деп атап өтті.

3 наурыз күні оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері әнші,   республикалық байқаулардың лауреаты, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшесі, «Арай»  өнер мектебінің  директоры Арайлым Абатқызы Мырзабековамен «Өнерім-өмірім» атты мерекелік кешін   ұйымдастырды. Кеш барысында Арайлым Абатқызы кітапхана оқырмандарын өмірбаянымен  кәсіби жолын және жас ұрпақтың бойындағы дарындылықтарын ұштау, бос уақытын тиімді пайдалану,  өнердегі шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында ашылған «Арай» өнер мектебінің жұмысымен таныстырды.

Өлкетану әдебиеттер бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, Сәбит Баймолдиннің туғанына 80 жыл толуына орай «Ақын жыры - жүрек сыры» атты жыр кеші өткізілді. Кештің алғы сөзі «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Сағызбайұлына берілді. Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты «Үш таған» журналының бас редакторы Е.Ашықбаев Сәбит ақынның кітаптары туралы айта кетті.

     С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Коворкинг» орталығында ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күніне арналған  «Айсын» радиожурналистика мектебінің қатысуымен «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.

13 желтоқсан күні «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында ұлық мереке Егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты кітап фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Шараны Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Б.Елеусінова ашып, «Тәуелсіздікке тарту» мерекелік кешімен жалғасты. Кеш барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық әдеби онлайн марафонының жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және диплом, алғыс хаттармен марапатталды.

8 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында кітапханада «Үш тұғырлы тіл – заман талабы» атты зияткерлік сайысы өтті. Мақсаты - оқушылардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, тіл туралы білімдерін жетілдіру, қазіргі уақыт талабына сай жоғары білімді, интеллектуалды полиглот болуға тарту болып табылады. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» саясатын насихаттау. Зияткерлік ойынға қаламыздың №60, №61, №75 жалпы білім беретін мектептер мен М. Арын атындағы Қарғалы қазақ  мектебінің 9-11 класс оқушылары және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қатысты.

3 желтоқсан күні Шығармашылық академиясы залында Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ақтөбе облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жылдығына арналған «Ғасыр жырлаған – ғажап ақын» атты әдеби- сазды кеші өткізілді. Шараға Ақтөбе облысы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, ақындар, журналистер, кітапханашылар қатысты. Әдеби – сазды  кеш  А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы жыршы Жеңіс Елемесов «Жамбылдың ақындарға арнауымен» басталды.

17 қараша күні Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығы аясында Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнер бойынша әдебиеттер бөлімі   қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты әдеби сазды шара өткізілді. Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күннің жеңісі. Оқырмандарға, жастарға қазақ халқының ерлігін, даналығын, елге, жерге, тілге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін оятып, елжандылыққа, адамгершілікке, дінін, тарихын құрметтеуге дәріптеу  шараның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Алғашқы сөз сөйлеген кітапхана директоры Раймбаева Құралай Серікқызы осынау мерекемен кешке қатысушылар мен оқырмандарды құттықтап, Егемендік алған кезеңнен бергі кітапхана саласының жетістіктерімен бөлісті.

13 қараша күні «Литература без границ»   жобасы  аясында  Ульяновск қаласы Е. А. Евтушенко  ат. №4  қалалық кітапханамен кезекті оnline-кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты:   Ақтөбе (Қазақстан Республикасы) және Ульяновск (Ресей)  қалаларының жазушылары мен  ақындарын таныстыру, әдеби бірлестіктерімен  қарым - қатынас жасау. «Өлкетану» бөлімінің меңгерушісі Б.А. Снабаева  кітапхананың  Ақтөбе ақын  - жазушыларымен бірлескен жұмысы мен әдеби өлкетану  туралы айтып берді.